2023 жылғы 10 қарашада ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында елімізге белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардақты ел анасы Зейнеп Ахметовамен «Бабалар аманатына адалдық» атты  кездесу кеші өтті.

Шараның мақсаты – бабалар аманатын арқалаған тағдырлы тұлға Зейнеп Ахметованың шығармаларын жастар арасында насихаттау.

Шараның модераторы – белгілі алаштанушы Елдос Тоқтарбай.

Кездесу кешінде белгілі қаламгер Зейнеп Ахметова қазақтың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдері туралы сүбелі сөз қозғап, жас ұрпаққа тәрбиелік мәні зор, қазіргі қазақ қоғамындағы өзекті мәселелер туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Дін мен дәстүрдің, қазақы тәрбиенің ара-жігін ажыратып, өскелең ұрпақтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап берді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы  Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы сөз сөйлеп, Ұлттық кітапханамызда 1976-1980 жылдар аралығында табанды еңбек етіп, кітапхана ісінің дамуына үлес қосқан Зейнеп Ахметоваға ұжым атынан алғысын білдіріп, «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен марапаттады.

Сонымен қатар, Бауыржан Момышұлы атындағы Республикалық «Жас ұлан» мектебінің оқушылары Бауыржан Момышұлының естеліктерінен монолог оқып, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филормониясының әртісі, дәстүрлі әнші Біржан Бәзілжан «Қазағым» толғауын шырқады.

Зейнеп Ахметова өзінің «Теңбіл тіршілік» және Бақытжан Момышұлының «Сыновья великого волка» кітаптарын Ұлттық кітапхана қорына табыстады.

Шара аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының және батырдың ұрпағы Бақытжан Момышұлының, келіні Зейнеп Ахметованың өмірі мен шығармашылығына арналған «Бабалар аманатына адалдық» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Шараға мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, белгілі жазушы Асылы Осман; Бауыржан Момышұлы атындағы Республикалық «Жас ұлан» мектебінің ұстаздары мен оқушылары; Алматы қаласы ЖОО ұстаздары мен студенттері, кітапхана оқырмандары мен кітапханашылар және БАҚ өкілдері қатысты.